Алғашқы додада – алтын белбеу: Жантілек Нұртілепұлы Qazaqstan Barysy – 2026 турнирінде топ жарды
Маңғыстау облысының намысын қорғаған жас балуан Жантілек Нұртілепұлы («Лабақ батыр») қазақ күресінен елдің басты додаларының бірі – Qazaqstan Barysy – 2026 супертурнирінде топ жарып, алғашқы қатысуында-ақ алтын белбеудің иегері атанды.

Қазақстан Республикасының спорт шебері жарыс барысында жоғары шеберлігі мен табандылығын танытып, елдің үздік балуандарымен белдесуге дайын екенін дәлелдеді.
Жартылай финалда Жантілек Нұртілепұлы Қостанай облысының өкілі, Қазақстан Республикасының спорт шебері Алмас Жұмағалимен («Өтей») күш сынасты. Тартысты белдесуде қарсыласынан басым түскен маңғыстаулық балуан финалға жолдама алды.
Шешуші сында ол Жамбыл облысының тәжірибелі өкілі, қазақ күресінің танымал балуаны Ғалымжан Қырықбаймен («Барыс») кездесті. Айта кетейік, Ғалымжан Қырықбай – «Қазақстан Барысы – 2023»турнирінің жеңімпазы.
Тәжірибелі қарсыласымен өткен тартысты финалда Жантілек Нұртілепұлы шеберлік танытып, жеңіске жетті. Осылайша ол мансабында алғаш рет Qazaqstan Barysy алтын белбеуін иеленді.
Жантілек Нұртілепұлы – биылғы турнирдің ең жас қатысушыларының бірі. Соған қарамастан, ол дебюттік додасында-ақ чемпион атанып, қазақ күресіндегі жаңа буын балуандарының әлеуетін айқын көрсетті.
Турнирдің қола жүлдесін Шымкент қаласының өкілі, ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы Нұрсұлтан Қожагелдіұлы («Батыр») жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Алмас Жұмағалидан басым түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпазға Qazaqstan Barysy алтын белбеуі және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды. Күміс жүлдегер күміс белбеу мен 3,5 миллион теңге, ал қола жүлдегер қола белбеу және 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды.
Осылайша, Qazaqstan Barysy – 2026 додасы қазақ күресінің жаңа есімдерін танытып, ел спортының болашағы жарқын екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Турнирдің бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, демеушісі – Sport Qory спортты қолдау қоры.



