Astana.kz: 10 мыңнан астам тұрғын қалалық қызметтерді онлайн алады
Елордада Astana.kz бірыңғай цифрлық платформасын 10 мыңнан астам тұрғын пайдаланып отыр. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен инвесторлар да бар.

Платформа арқылы тұрғындар көптеген қалалық қызметтерді онлайн алып, өтінім беріп, қажетті құжаттарды тіркей алады. Сонымен қатар өтініштің қай кезеңде тұрғанын жеке кабинет арқылы бақылауға мүмкіндік бар.
Қазір Astana.kz порталында коммуналдық салаға қатысты 100-ден астам қызмет қолжетімді. Мұнда электр, жылу, су және кәріз жүйелеріне қосылу, шарттарды рәсімдеу және басқа да қызметтерді онлайн алуға болады.
Сондай-ақ платформа кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы. Мысалы, маңдайша мен сыртқы жарнама эскиздерін келісуге, құжаттарды онлайн тапсыруға мүмкіндік қарастырылған. Ал инвесторлар Astana Invest сервистері арқылы инвестициялық жобаларын сүйемелдеуге және арнайы экономикалық аймаққа қатысуға өтінім бере алады.
Astana.kz «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, қалалық қызметтерді, коммуналдық сервистерді және бизнеске арналған құралдарды бір жерге біріктіріп келеді.
Алдағы уақытта платформадағы қызметтер саны одан әрі көбейіп, тұрғындар мен бизнес өкілдері көптеген мәселесін бір ғана цифрлық кеңістікте шеше алады.
Платформаның операторы – «Астана Innovations» АҚ.



