Білім

100-ден астам бала білім алатын жаңа музыка мектебінің филиалы ашылды

Елордадағы «Гарант» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үшін жағымды жаңалық – мұнда №1 балалар музыка мектебінің жаңа филиалы ашылды. Енді жақын маңда тұратын балалар музыкалық білім алып, өнердегі қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады.

Жаңа филиалдың аумағы 200 шаршы метр. Ол бір мезетте 100–150 балаға арналған. Оқушылар мұнда домбыра мен қобызда ойнауды, эстрадалық вокалды, хореографияны және музыкалық-теориялық пәндерді оқиды.

Филиалда сабақ өткізуге арналған кабинеттермен қатар хореография залы және заманауи дыбыс жазу кабинеті жұмыс істейді. Балалар мұнда өз шығармаларын жазып, шығармашылық жобаларын жүзеге асырып, музыкалық технологияларды тәжірибеде қолдана алады.

Сонымен бірге сахналық қойылымдарға қажетті костюмерлік бөлме және мектеп тарихына қатысты материалдар сақталатын мұрағат қарастырылған.

№1 балалар музыка мектебінің директоры Жанар Серікқызы жаңа филиалдың ашылуын білім ордасының 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген маңызды оқиға деп бағалады.

«Басты мақсатымыз – балаларға сапалы музыкалық білім алуға қолайлы әрі заманауи жағдай жасау. Әсіресе осы ауданда тұратын балалар үшін музыка мектебінің қолжетімді болуы олардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», – деді мектеп директоры.

Жаңа филиалдың ашылу салтанатына «Сарыарқа» ауданының әкімі, қалалық Білім басқармасының өкілдері, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Мерекелік шара барысында музыка мектебінің тәрбиеленушілері мен педагогтері концерттік бағдарлама ұсынып, өз өнерлерін ортаға салды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button