Тегін білімге жол: астаналық жастар әкімдік грантын иеленді
Астанада 2026–2030 жылдарға арналған елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. Бұл гранттар жастарға жоғары білім алып, таңдаған мамандығы бойынша кәсіби жолын бастауға мүмкіндік береді.

Грантқа ие болған жастардың бірі – Адина Серікова. Ол «Информатика пәнінің мұғалімі» мамандығын таңдаған. Адина үшін мемлекеттік грант – өзіне ұнайтын саланы меңгеріп, болашақта білім беру жүйесінде еңбек етуге жасалған маңызды қадам.
Жансая да студент атануға дайындалып жатыр. Ол үшін алдағы кезең – жаңа білім алып, тың дүниелерді үйреніп, кәсіби дағдыларын қалыптастыратын маңызды уақыт.
Грант иегерлерінің қатарында Арафат та бар. Жас жігіт сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, алған білімін болашақта елордасының дамуына жұмсауды жоспарлап отыр.
«Қалама пайдамды тигізгім келеді», – дейді ол.
Елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттары еңбек нарығындағы сұраныс ескеріле отырып бөлінеді. Осылайша жастарға тегін жоғары білім алуға ғана емес, өз қабілетін дамытып, болашақ мамандығы бойынша еңбек жолын бастауға мүмкіндік жасалады.
Бүгінгі грант – жастар үшін жаңа білімге бастар жол болса, ертең ол елорданың дамуына үлес қосатын білікті мамандардың қалыптасуына негіз болмақ.



