Мәдениет

10 жыл өткен соң қайта оянған сезімдер: Астанада «Сен және мен» қойылымы

Он жыл бойы бір-біріне айтылмаған сөздер бар. Ұмытылды деп ойлаған сезімдер бар. Ал бір түн сол өткеннің бәрін қайта оятуы мүмкін. Астанада дәл осындай оқиғаға құрылған «Сен және мен» психологиялық драмасы көрерменге ұсынылады.

Бір түн. Бір пәтер. Бір-бірін он жыл көрмеген екі адам. Бір кездері олар бір-бірін шексіз сүйген. Кейін жолдары екіге айырылған. Бірақ уақыт бәрін өшіре ала ма?

Астанада 28 theatre ұжымының жаңа «Сен және мен» психологиялық драмасы көрсетіледі. Қойылым 5 және 6 қыркүйек күндері Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының үлкен сахнасында өтеді.

Спектакльдің оқиғасы он жылдан кейін қайта кездескен бұрынғы ерлі-зайыптының бір түніне құрылған. Бір қарағанда, бұл жай ғана кездесу. Бірақ жылдар бойы іште қалған сөздер, ұмытылған сезімдер мен аяқталмаған әңгімелер қайта оянады.

Бұл қойылым тек махаббат туралы емес. Кешіру, сағыну, өкініш, жоғалған мүмкіндік және адамның өз таңдауының салдарымен бетпе-бет келуі туралы.

«Сен және мен» драмасы танымал орыс драматургі Софья Прокофьеваның «Разговор без свидетеля» шығармасының желісі бойынша сахналанады. Қазақ тіліндегі сахналық нұсқасының авторы Әлішер Рахат, қоюшы-режиссері Фархад Молдағали.

Басты рөлдерде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды және Жұлдыз Абдукаримова.

Қойылымның Алматыдағы премьерасы 8-9 тамызда өткен. Көрерменнің қызығушылығы соншалық, сұранысқа байланысты 10 тамызға қосымша көрсетілім қосылып, билеттер екі апта ішінде толық сатылып кеткен.

Енді спектакльдің алғашқы гастрольдік сапары Астанадан басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button