Білім

33 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады: Астанада жаңа оқу жылы қалай басталды?

2026–2027 оқу жылы басталып, 33 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Биыл елордадағы 206 жалпы білім беретін мектепте 337 мыңнан астам оқушы білім алады.

Жаңа оқу жылында оқушыларға арналған білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге де басымдық берілді. Атап айтқанда, №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептерінің жанынан жеті қосымша оқу ғимараты ашылды. Сонымен қатар қалада тағы екі жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Жаңа ғимараттарда заманауи оқу кабинеттері, асханалар, спорт залдары және коворкинг аймақтары қарастырылған. Мұнда негізінен 1–4 сынып оқушылары білім алады.

Қосымша ғимараттардың ашылуы мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын азайтып, білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Жалпы соңғы жылдары Астанада 100 мыңнан астам оқушыға арналған 44 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оның 23-і «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

Оқу жылына дайындық барысында елордадағы 38 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар барлық білім беру нысаны алдағы жылу беру маусымына дайындалып, тиісті дайындық паспорттарын алды.

Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мақсатында 14 баспадан 1,2 млн данадан астам кітап сатып алынды.

Жаңа оқу жылында оқушылардың тамақтануына да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен толық қамтылды.

Биыл мектеп асханаларында жаңартылған ас мәзірі енгізілді. Оқушылардың тамақтану сапасын бақылау жұмыстары да күшейтіліп, оған қоғам өкілдері мен сарапшылар тартылды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button