Астана мектептерінде төбелес пен буллингті AI анықтайды
Елорда мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық жүйені жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезеңде елорданың білім беру ұйымдарына шамамен 2 мың бейнебақылау камерасы мен 100 SOS дабыл түймесін орнату жоспарланған.
Бұған дейінгі кезеңде 100 мемлекеттік мектепке 1 940 камера және 100 SOS батырмасы орнатылған. Сондай-ақ 122 мектептегі 6 900-ден астам қолданыстағы камера бірыңғай қауіпсіздік жүйесіне біріктірілді.
Қазір мектептердегі 10 мыңнан астам камера Астананың Ахуалдық орталығы мен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл оқиғаларды орталықтандырылған түрде бақылап, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика да қолданылады. Ол төбелес, буллинг, күдікті адамдар және басқа да қауіптерді автоматты түрде анықтап, тиісті қызметтерге сигнал жібере алады.
Жобаның соңғы кезеңін 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Үш кезеңнің нәтижесінде Астананың мемлекеттік мектептерінде 5 800-ден астам жаңа камера мен 300 SOS түймесі орнатылады.



