Соңына дейін көрмей, «38» нені білдіретінін білмейсіз
3 қыркүйектен бастап қазақстандық көрермен назарына «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі ұсынылады. Картина табиғи апатпен бетпе-бет келген орманшылардың тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы мен азаматтық борышты, адалдық пен сенімді арқау етеді.

Фильмнің оқиғасы күрделі әрі қауіпті жағдайда өз кәсіби міндетін атқарып жүрген орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді. Алайда картина тек табиғат апаты мен мамандық иелерінің күнделікті қызметін көрсетумен шектелмейді. Кейіпкерлердің басынан өтетін тағдырлы оқиғалар арқылы адам өміріндегі түрлі сезімдер мен қарым-қатынастар ашылады.
Мұнда махаббат пен сатқындық, ақша мен сенім, үміт пен күдік, өмірге деген құштарлық пен адалдық секілді бір-біріне қарама-қайшы сезімдер тоғысады. Әр кейіпкер қиын жағдайда өз таңдауын жасап, адамдық қасиеті мен жақындары үшін жауапкершілігін таразылайды.
Фильм сонымен қатар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етеді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы достық пен отбасы, борыш пен жеке таңдау, адам мен табиғат арасындағы жауапкершілік мәселелері көтеріледі.
Фильм режиссері Төребек Бейсебаев картинаның идеясына 2023 жылы Абай облысында болған орман өрті себеп болғанын айтты.
«2023 жылы Абай облысында орман өрті болды. Фильмді түсіруге бір жарым жыл уақыт кетті. Оның ішінде бір жарым ай кастинг жүргізілді, ал негізгі түсірілім жұмыстары бір айға жуық уақытқа созылды. Түсірілімнің барлығы Абай облысында өтті», – деді режиссер.
Түсірілім барысында табиғатқа зиян келтірмеуге ерекше көңіл бөлінген. Өрт көріністерін жасау кезінде пиротехниктер жұмыс істеп, арнайы графика қолданылған.
Фильмге шынайылық беру үшін жаппай көріністерге нағыз орманшылар да тартылған. Бұл картинаның кәсіби орта тынысын барынша дәл жеткізуіне мүмкіндік берген.
Фильмнің продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сакатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сабитов сомдайды.
«38. Соңғы нүкте» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Көрерменді табиғи апаттың ортасындағы күреспен қатар, адам тағдыры мен сезімдер арпалысы күтеді. Фильм өмірдің ең күрделі сәттерінде адамның кім екенін, оның таңдауы, сенімі мен адалдығы қаншалықты маңызды екенін көрсетуді мақсат етеді.



