CаясатБасты жаңалық

Астана мен Вьентьян – бауырлас қала атанды

Қазақстан мен Лаос арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде Астана мен Лаостың астанасы Вьентьян арасында бауырлас қала қарым-қатынасын орнату туралы меморандум да бар.

Құжаттар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулиттің қатысуымен өткен рәсімде алмастырылды.

Жалпы, екі ел арасында төрт маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан мен Лаос сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы меморандум, екі елдің прокуратуралары арасындағы ынтымақтастық туралы құжат және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен электронды мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар.

Ал Астана мен Вьентьянды байланыстыратын бауырластық туралы келісім екі елдің астаналары арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Бұл қарым-қатынас қалалар арасында тәжірибе алмасуға, мәдени және іскерлік байланыстарды күшейтуге, сондай-ақ түрлі ортақ жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Айта кетейік, Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Екі ел президенттері алдымен шағын құрамда, кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Лаос басшысы бұл сапарды Қазақстан мен Лаос арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды кезең деп бағалады. Ал екі астананың бауырлас қала атануы осы байланыстарды қала деңгейінде де жаңа бағытқа шығармақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button