13,5 мың тұрғынды спортқа тартқан «Өзіңнен баста» жобасы аяқталды
Үш ай бойы астаналықтар жаттығу залын емес, ашық аспанды таңдады. Қала саябақтарында өткен тегін жаттығуларға 13 500-ге жуық тұрғын қатысып, «Өзіңнен баста» әлеуметтік-спорттық жобасының жазғы маусымы аяқталды.

Жоба 6 маусымда басталып, елорда тұрғындарына таза ауада спортпен тегін айналысуға мүмкіндік берді. Жаттығулар қала тұрғындары жиі баратын Триатлон саябағы мен Ботаникалық бақта тұрақты түрде ұйымдастырылды.
Жобаға қатысушылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен дене шынықтырудың түрлі бағыттарын меңгерді. Бастаманың негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу.
Маусымның соңғы жаттығуы 3 қыркүйекте «Арқар» көпірінің астындағы Триатлон саябағында өтті. Қорытынды кездесуде қатысушылар мен жаттықтырушылар үш айлық жұмысты қорытындылап, өз нәтижелерімен бөлісті және соңғы рет бірге жаттығу жасады.
Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, «Өзіңнен баста» жобасы жазғы кезеңде жүзеге асқан бес тегін әлеуметтік-спорттық бастаманың бірі.
Жалпы бұл жобаларға 45 мыңға жуық елорда тұрғыны тартылған. Астаналықтар йога, скандинавиялық жүріс, Street Workout және ашық алаңдарда өткізілген басқа да спорттық бағыттармен айналысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастамалардың мақсаты тек қатысушылар санын көбейту емес. Негізгі міндет – тұрғындарға спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік жасап, дене белсенділігін күнделікті өмір салтына айналдыру.
Қыркүйек айында әлеуметтік-спорттық жобалардың жазғы маусымы кезең-кезеңімен аяқталады.
Яғни үш айлық жоба аяқталғанымен, оның басты идеясы – «өзіңнен бастау», күн сайын қозғалу және спортты әдетке айналдыру – қала тұрғындарының өмірінде жалғасын таппақ.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында Астана әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен жүзеге асырылды.



