Басты жаңалықСпорт

Астаналық мерген қыз көшпенділер ойынының күмісін қанжығыға байлады

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан дәстүрлі садақ атудан күміс жүлдеге ие болды.

Бішкек және Шолпан-Ата қалаларында ұйымдастырылып жатқан дүбірлі додада мергендер «Орта Азия» нысанасы бойынша бақ сынады. Әйелдер арасындағы 40 метр қашықтықтағы жарысқа әлемнің 51 елінен 80-нен астам спортшы қатысты.

Бәсекеде үздіктер қатарынан көрінген Айкөркем Батихан финалдық кезеңге жолдама алды. Шешуші сында елордалық мерген өз шеберлігін көрсетіп, жарысты екінші орынмен аяқтады.

Осылайша, Айкөркем Батихан Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті күміс жүлдені салды.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгін, 4 қыркүйекте, Астана қаласының бірқатар спортшысы жарыстарын жалғастырады.

Атап айтқанда, тазы жарысында елорда намысын Алмас Оралбек «Сағым» атты тазысымен қорғайды.

11 шақырымдық жорға жарысында Астана атынан Алия Токтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев сынға түседі. Вероника Румянцева қосалқы қатысушы ретінде тіркелген.

Ал мангала сайысында елордалық спортшылардан Гульнара Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зкрияев өнер көрсетіп жатыр. Бұл спорт түрі бойынша қорытынды нәтижелер 6 қыркүйекте белгілі болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button