Білім

Ұлт ұстазының өнегесі: Астанада «Ахмет әлемі» әдеби алаңы өтті

Астанада Қазақстан халқының тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толуына орай «Ахмет әлемі: тіл, тағылым, таным» атты әдеби ой алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесудің негізгі мақсаты – ғалымның қазақ тілі мен әдебиетіне, ағартушылыққа қосқан үлесін насихаттап, оның рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру.

Іс-шараға педагогтер, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және шығармашылық еңбектері туралы пікір алмасты. Жиында тіл тазалығы, ұлттық сана, білім мен ағартушылық мәселелері сөз болды.

Әдеби ой алаңы барысында «Кітап оқитын ұлт» марафонына да старт берілді. Сонымен қатар марафонға қатысушылар үшін «Парасат» клубы ашылды.

Кездесуде тарихшы-ғалым Әміржан Әлпейісов пен «Өрлеу» ұлттық орталығының Астана қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Ерлан Қалмақов өз ойларын ортаға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер оқу мәдениетін қалыптастырып, ана тіліне деген құрметті арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button