Қаллеки театры 36-маусымын «Қарагөзбен» ашты
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 36-маусымының шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашты.
9 қыркүйекте өткен маусымашарда Сырым мен Қарагөздің тағдыры арқылы махаббат пен салт-дәстүр, жеке таңдау мен қоғам қағидалары арасындағы қайшылықтар сахналанды. Қойылымның режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева.
Театр басшылығы жаңа маусымды дәстүрлі «Абай» спектаклімен емес, «Қарагөзбен» ашуды ұлттық классикаға деген құрмет әрі репертуарға жаңалық енгізу ретінде қабылдағанын атап өтті.
36-маусымда көрерменді классикалық шығармалармен қатар заманауи драматургия, түрлі жанрдағы қойылымдар, фестивальдер мен гастрольдік сапарлар күтеді.
Қыркүйек айында театр «Шолпанның күнәсі» драмасымен Павлодардағы «Ертіс-Баян» республикалық фестиваліне қатысады. Қазан айында «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы «ТеатрALL» халықаралық фестивалінде, ал «Парасат майданы» спектаклі Қарағандыда өтетін «Сын – шын болсын» республикалық фестивалінде сахналанады.
Сонымен қатар театр ұжымы өңірлерге гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, репертуардағы жаңа қойылымдарды көрермен назарына ұсынбақ.
Айта кетейік, қараша айында Қалибек Қуанышбаев театрының құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында театрдың тарихы мен шығармашылық жолына арналған бірқатар мәдени іс-шара өткізу жоспарланған.



