Тамырдан туындыға: Сырдың креативті шығармашылық әлемі Астанада
Астанада Қызылорда облысының шығармашылық әлеуетін таныстыратын «Тамырдан туындыға…» көрме-жәрмеңкесі басталды.
«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында өтіп жатқан шарада Сыр өңірінің ұлттық өнері, қолөнері және заманауи креативті жобалары бір алаңға тоғысты.
Көрмеге Қызылордадан келген 100-ге жуық шығармашылық өкіл қатысып жатыр. Келушілер ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, киімдер, ағаш, сүйек пен киізден жасалған туындыларды көріп, авторлық өнімдерді сатып ала алады.
Шараның ерекшелігі – дәстүрлі мұраның заманауи өнермен үйлесуі. Мәселен, Сырдың басты бренді саналатын күріш суретшілердің шығармашылығына арқау болса, ұлттық қолөнер үлгілері заманауи дизайнмен жаңаша ұсынылған.
Көрме-жәрмеңкеде әйнекке ұлттық нақышта сурет салу шеберлігі көрсетіліп, бір мезетте 12 аспапта ойнайтын өнерпаздың орындауындағы музыкалық бағдарлама да ұсынылады.
Сонымен қатар келушілер Qyzylorda Hub-тың жасанды интеллект бағытындағы жобаларымен танысады. «Qyzylorda» телеарнасының креативті жобалары мен Сыр өнерпаздарының арнайы концерттік бағдарламасы да көрермен назарына ұсынылып жатыр.
«Тамырдан туындыға…» көрме-жәрмеңкесі 12–13 қыркүйек күндері Астанада өтеді.
Кіру тегін.



