Басты жаңалықҚоғам

Оң жағалауда «Tarlan Astana» жаңа желісінің құрылысы басталды

Астананың оң жағалауында «Тарлан Астана 2» бағытының құрылысы басталды. Қазір Жеңіс даңғылының бойында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыт қаланың тығыз орналасқан бөлігін жаңа көлік желісімен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Екінші фаза аясында жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болатын 3 жаңа желіде 20 станция салу жоспарланған.

Соның бірі — 3-желі. Құрылыс жұмыстары дәл осы бағытта басталды. Желі Сығанақ көшесінен бөлініп, Тұран және Сарыарқа даңғылдары арқылы Жеңіс даңғылына, одан әрі «Астана-1» ескі теміржол вокзалына дейін жетеді.

Оң жағалауда ғимараттар мен жолдар тығыз орналасқандықтан, бұл желі толықтай эстакада түрінде, яғни жердің үстімен салынбақ. Құрылыс мерзімі қаржыландыруға байланысты шамамен 3 жыл деп жоспарланған.

Ал 2-желі Сығанақ және Шыңғыс Айтматов көшелерінің бойымен «Жағалау» шағын ауданы бағытына қарай өтеді. Мұнда жаңа станциялармен қатар жергілікті депо мен техникалық парк салу қарастырылған. Бұл бағыт бойынша жер қыртысын геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталған.

4-желі болса, Астананың оңтүстік шекарасынан Қосшы қаласының әкімшілік шекарасына дейін, Қарқаралы тас жолы бойымен жүргізіледі. Станциялардың маңында көлігін қалдырып, әрі қарай қоғамдық көлікпен немесе метро желісімен жүруге мүмкіндік беретін Park & Ride тұрақтары салынады.

Құрылыс кезінде қаладағы көлік қозғалысына барынша аз кедергі келтіру үшін арнайы launching gantry деп аталатын жылжымалы крандар қолданылады. Олар эстакаданың үлкен арқалықтарын жердің үстінде құрастырып, дайын конструкцияларды біртіндеп қажетті жерге орналастырады.

Осылайша, екінші фаза аяқталғаннан кейін Астананың жаңа көлік желісі оң жағалауды, жаңа аудандарды және Қосшы бағытын байланыстыратын маңызды инфрақұрылымның біріне айналуы жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button