KZO Life жаңа кезеңге қадам басты: Қызылордада медианың кросс-платформасы іске қосылды

Қызылорданың тыныс-тіршілігін, жақсы жаңалықтарын, мәдениетін, тарихын және қаладағы қызықты орындарды насихаттап жүрген KZO Life жаңа кезеңге қадам басты. Бүгін, 5 қазанда Қызылордада KZO Life сайтының тұсаукесері өтіп, өңірлік медиа үшін маңызды жоба ресми түрде іске қосылды.
KZO Life 2024 жылы Instagram-дағы паблик ретінде жұмысын бастап, аз уақыт ішінде өз оқырманын қалыптастырды. Бүгінде парақшаға 48 мыңға жуық адам жазылған. Паблик осы уақыт ішінде Қызылорданың әдемі өмірін, қаладағы жағымды жаңалықтарды, мәдени және қоғамдық шараларды, көрікті орындар мен тарихи құндылықтарды оқырманға ұсынып келеді.
Енді KZO Life тек әлеуметтік желідегі парақша емес, толыққанды кросс-платформа ретінде жұмысын жалғастырады. Бұл — оқырманға Қызылорда туралы жедел әрі сапалы ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік беретін жаңа кезең.
KZO Life — алты өңірлік медиа-платформаны біріктіретін жүйенің бір бөлігі. Оның қатарында Astana Life, Түркістан Life, Абай Life, Шығыс Life және Жез Life платформалары бар. Әрқайсысы өз өңірінің жаңалығын, мәдениетін, адамдарын және маңызды оқиғаларын кеңінен танытуға бағытталған.
KZO Life редакциясын бас редактор Ғалия Бисейіт бастап, қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты дайындайтын редакторлар мен тілшілерден құралған команда жұмысын жалғастырады. Жаңа кезеңде редакцияның материалдық-техникалық мүмкіндігі де күшейді: жобаға жеке офис пен қажетті құрал-жабдықтар берілді.
Сонымен қатар бас редактор Ғалия Бисейітке редакциялық жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруға мотивация ретінде соңғы үлгідегі MacBook сыйға тартылды.
KZO Life-тың жаңа сайты — Қызылорданың күнделікті өмірін, жаңалығын, тарихы мен мәдениетін кеңірек танытатын жаңа ақпараттық алаң болмақ.
Ең бастысы, бұл жоба — Қызылордаға деген сүйіспеншіліктен басталған істің жаңа деңгейге көтерілуі. Енді KZO Life өз оқырманымен бірге өсіп, Сыр өңірінің жақсы жаңалықтарын одан әрі кең аудиторияға жеткізе береді.



