Астана оқушыларымен су үнемдеу мәдениеті талқыланды

Астанадағы №85 мектепте «Әр тамшы маңызды: суды үнемдеу өзімізден басталады» атты экологиялық сағат өтті.
Іс-шара «Суды үнемде — болашақты сақта!» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Экологиялық сағат барысында қонақтар мектеп әкімшілігімен, мектеп Парламентінің көшбасшыларымен және «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ қатысушылар «Көшбасшылар аллеясына» ағаш отырғызды.
Польша Республикасының Қазақстандағы елшісі Михал Лабенда оқушылар алдында «Су бізді біріктіреді: тұрақты болашақ үшін жас ұрпақтың жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйледі.
Кездесуде экология саласындағы халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері, экологиялық бастамаларды ілгерілетудегі жастардың рөлі және қоршаған ортаны қорғау үшін оқушылар жасай алатын нақты қадамдар талқыланды.



