Астаналықтардың сағынышын оятқан ауылдың мың бояуы
Бүгін «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына келген қонақтар ауылға деген сағынышын басқандай болды. Себебі «Ауыл» партиясы ұйымдастырған республикалық «Ауыл нақыштары» фотобайқауының көрмесі ешкімді бей-жай қалдырмады. Ауылға деген сағыныш, балалық шаққа саяхатқа апарар әдемі кадр иелерінің жұмыстары көзге қуаныш, көңілге жылулық ұялатты. Ең қызығы жеңімпаздардың фотосуреттеріне сол жердегі көрермен атау беріп сайысты. Үздік атауды фотограф таңдап, келуші қонақтар да сыйлық алып қуанысып жатты.
Жалпы жүлде қоры 3 900 000 теңге тұратын байқауға биыл 20 өңірден 678 қатысушы 3000 аса фотосуреттерін жіберіпті. Ауыл тынысы, тұмса табиғат, елге деген құрметті арттаратын туындылар арнайы «Ауыл нақыштары» атты көркем фотоальбомға енді. Оның да тұсаукесері осы жерде өтті.
Ал әділ қазылар таңдаған «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж», «Ауылдағы бақытты балалық» және әлеуметтік желіде оқырман таңдаған «Көрермендер көзайымы» номинациялары бойынша жүлделі 3 орын иелері қаржылай сыйлықтарға ие болды. Бас жүлде 700 000 теңге Шымкенттік Мақсат Шағырбаевқа бұйырды.



