Білім

Ең үлкен 800 шаршы метрлік ту жайылды

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Maqsut Narikbayev University (MNU) жаңа оқу жылын ерекше форматта бастады — Студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Студенттердің бұл
салтанатты сәті олар үшін есте қалатын уақыт. Осылай бірінші курс студенттері ант беріп, ресми түрде университет қауымдастығының мүшесі атанды.

Шара ауқымы шынымен үлкен болды. Жиналғандар саны бес мыңнан асты. Қатысушылар қатарында Мәжіліс депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері, қала әкімдігі, шетелдік дипломаттар,
халықаралық компаниялар, қоғамдық ұйымдар, түлектер, ата-аналар және БАҚ өкілдері болды. Қатысушыларды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, MNU-дың еліміздегі әділеттілік пен білім сапасын дәріптейтін университеттердің бірі екенін атап өтті.

Кеш «Arman Iesi. Think. Create. Lead» тақырыбында өтті. Шара барысында көлемі 800 шаршы метр болатын Қазақстанның ең үлкен туы және 300 шаршы метрлік «Заң мен тәртіп» нарративінің туы таныстырылды. Бұл — патриоттық  рух пен құндылықтарды дәріптеудің ерекше символы.

Кештің басты интригасы — университеттің төрт жоғары мектебі арасындағы Студенттер қатарына қабылдау кубогы үшін дода болды. Командалар әлеуметтік жобаларын таныстырып, кеш тақырыбына сай театрландырылған қойылымдар көрсетті.  Бұл сайыс арманға қол жеткізу, мақсатты орындау, жеке жол салу және идеяны іске асыру сынды құндылықтарды паш етті.

Әділқазы құрамында MNU түлектері, қала әкімдігі өкілдері және қоғамдық ұйымдар болды. Нәтижесінде Халықаралық экономика мектебі жеңімпаз атанып, кубокты иеленді. Ал шығармашылық жағынан
ерекше көзге түскен Халықаралық журналистика мектебі университеттің арнайы жүлдесін алды.

Жеңімпаз команда өкілі Арайлым Әмірхан эмоциясымен бөлісіп: «Жеңістің дәмі мүлде ерекше. Біз айлар бойы дайындалдық. Бұл процессте жаңа достар тауып, үлкен тәжірибе жинадық. Мектебіміз 20
жылдығында чемпион атағын қайта қорғады — бұл біз үшін мақтаныш», — деді ол.

Іс-шараның финалында танымал әнші Yenlik және аңызға айналған «Дос Мұқасан» ансамблі өнер көрсетіп, кешті жарқын нотада аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button