Спорт

Бас қаланың тазылары республикалық аңшылық сынақта бас жүлдеге ие болды

Алматы облысында ұлттық тазы иттер арасында қоян қуудан аңшылық сынақтары өтті. Астаналық «NOMAD» қоғамдық қорының өкілдері бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігі.

Іс-шараны Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырды. Бұл сынақ – отандық аңшылық ит тұқымдарын сақтау, дамыту және олардың халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін маңызды мемлекеттік бастамалардың бірі.

Ашық алаңда елдің әртүрлі шаруашылықтары мен кинологиялық клубтарынан келген 15 үздік тазы сынға түсті. Көрме рингтерінен айырмашылығы – бұл сынақтар иттердің нақты аңшылық қасиеттерін бағалауға мүмкіндік береді.

Алматылық кезең осыған дейін Астана маңында өткізілген ор қоянға жүргізілген сынақтардың жалғасы болды. Биыл иттер құм қоянына арналған тапсырмаларды орындап, күрделілігін арттырды. Ор қоян жүгіргенде бір бағытта жылдам қозғалады, ал құм қояны үнемі бағытын өзгертіп тұрады, сол себепті ит асқан әбжіл, жылдам қозғалуы және аңшылық қасиеті дамыған болуы шарт.

Иттердің жұмысын «қазақ тазысы» тұқымының тәжірибелі мамандарынан тұратын сарапшылар комиссиясы бағалады. Бағалау кезінде иттің жылдамдығы, маневрлік қабілеті, аңшылық сезімталдығы, төзімділігі және аңшылық шеберлігі ескерілді. Бұл көрсеткіштердің жиынтығы ең үздік қатысушыларды объективті анықтауға мүмкіндік берді.

Жүлдегерлер тізімі:
1 орын – Арекет, иесі: «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы (Астана);
2 орын – Адырна, иесі: «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы (Астана);
3 орын – Қабылан, иесі: Ернар Муптекеев.

Қазақстан кинологтар одағы осы сияқты шаралар қазақ тазысы тұқымымен стандартталған алаң сынағы мен селекциялық жұмыстар жүйесін қалыптастырудың негізі болатынын атап өтті. Сынақтар тұрақты түрде өткізіліп, сапалы тұқым өсірудің міндетті рәсімдеріне енеді деп жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button