Қазақстан мен Жапония астаналары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Президенттің қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан мен Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Токио губернаторымен Smart city және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған еді.
Еске салайық, 17 желтоқсаннан бері Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда ресми сапармен жүр.
18 желтоқсанда Қазақстан Президенті Жапонияның Қазақстанмен достық жөніндегі парламенттік лигасының мүшелерімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев лига қызметін жоғары бағалап, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездесті. Кездесу барысында Президент Күншығыс елінің көптеген жылдар бойы тәртібі мен төзімділігі арқылы Қазақстан халқын шабыттандырып келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ Жапония Премьер-министрінің кеңсесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оның аясында Мемлекет басшысы мен Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи арасында келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мен Жапония Премьер-министрі 14 құжатқа қол қойды.



