Жұмысшы мамандықтардың жаңа дәуірі басталды
Бүгін Астана қаласында Білім басқармасының ұйымдастыруымен “Жұмысшы мамандықтар” жылын қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Шара «Жұмысшы мамандықтар жылы: жетістіктер, даму, перспективалар» атауымен ұйымдастырылды.
Кешке Астана қаласы әкімінің орынбасары Байкен Есет Берікұлы қатысып, жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Өз сөзінде ол: «Жұмысшы мамандықтардың жаңа дәуірі басталды», – деп атап өтіп, бұл салаға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп жатқанын жеткізді.
Іс-шараға еліміздің бірқатар оқу орындарының басшылары, студенттер мен жастар жиналды. Жиын барысында үздіктерге арнайы сертификаттар табысталып, жыл қорытындыланды. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздары қатысып, кеш көркін қыздырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл басқосу еңбек адамына деген құрметтің айқын көрінісі болып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға тағы бір серпін берді.



