Мәдениет

Астанада жаңа арт хаб: Kulimde!

Астанада Kulimde Hub арт студиясы ашылды

Астанада жаңа шығармашылық кеңістік өз есігін айқара ашты. Kulimde Hub — жай ғана арт студия емес, бұл адамдарды біріктіретін, ішкі тыныштыққа шақыратын, өзіңмен өзің қалуға мүмкіндік беретін қауіпсіз мекен. Біздің редакция жақында хабқа барып, негізін қалаушы әрі жетекшісі Даринамен танысып, сұхбаттасып келді. Оның бэкграунды мен «Күлімде» идеясы жайлы сөйлесіп келдік.

Дарина Торғай өңірінің тумасы. 2015 жылы ата-әжесімен бірге Астанаға қоныс аударып, осында мектеп тәмамдайды. Кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Геодезия және картография» мамандығы бойынша білім алып, инженер-картограф ретінде еңбек жолын бастайды. Ұзақ уақыт офисте жұмыс істеп, соңғы айларда басқарушы деңгейіне дейін көтерілгенімен, бір сәтте ішкі даусын тыңдап, жұмыстан кету туралы шешім қабылдайды.

— Өнерге жақын әр адамда бала күнінен «өзім отырып жұмыс істейтін кеңістігім болса ғой» деген арман болады деп ойлаймын. Бірақ өсе келе оны күнделікті күйбең тіршілік көмкеріп, ұмыттыра бастайды, — дейді Дарина.

Осы ұмыт қалған арманды қайта тірілткен бір кітап болады. «Прачечная, стирающая печали» атты шығармада адамдарды біріктіріп, оларға үміт сыйлайтын бір орын суреттеледі. Сол сәтте Даринаның ішінде «осындай мекен болса ғой» деген ой бекіп, 25 жасқа дейін студия ашу туралы бұрынғы арманы қайта оянады. Биыл сол арман шындыққа айналды.

«Күлімде» атауы да бекер таңдалмаған. Бұрын Даринаның Instagram парақшасы осылай аталған. Адамдардың көңілін көтеріп, күлдіруді жақсы көретін мінезі бұл атауға дәл келеді. Ал «hub» — оның негізгі мамандығымен және кеңістіктің философиясымен үндес: шығармашылық адамдарға тірек болатын, идеялар тоғысатын орын.

Kulimde Hub-тың басты мақсаты — адамдарды біріктіру. Қандай көңіл күйде келсең де, бұл жерден жаның жай табуы керек. Қазір студияда жеке және топтық мастер-класстар өтеді: киім мен шопперге сурет салу, ағаш пен гипстан ойыншықтар жасау, майшам безендіру, бедерлі картиналар салу. Болашақта бағыттар саны арта түспек. Сонымен қатар, кеңістік өзге де шығармашылық жандарға, кітап клубтарына, энтузиаст қауымға жалға беріледі.

Дарина үшін мастер-класс — тек үйрету емес, адаммен жұмыс. Бастапқыда әр қатысушының эмоциясын өз жүрегінен өткізіп, қатты шаршайтын. Уақыт өте келе бұл шекараны сақтауды үйренген. Есте ерекше қалған сәттердің бірі — мастер-классты баланы қырқынан шығару рәсімі аясында өткізуі болған екен. Бұл оған адамдардың мерекені әрқалай сезініп, өмірден ләззат алудың сан қырлы екенін түсіндірген.

— «Менде талант жоқ» дейтін пікірмен мүлде келіспеймін, — дейді ол. — Талант тек сурет салу немесе ән айту емес. Логикалық ойлау, анализ жасау, математикаға жүйрік болу — мұның бәрі талант. Ең бастысы, өзіңді лайықты емеспін деп шектемеу.

Студия ашу жолы оңай болмаған. Құрылыс материалдарының қымбаттығы, қаржылық тұрақсыздық, белгісіздік — бәрі қатар келген. Бірақ дәл сол сәтте Дарина өзін бұл қадамға іштей дайын сезінген. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген сөздің мәнін сол кезде терең ұғынғанын айтады. Тағы бір үлкен жаңалығы — айналасының жақсы адамдарға толы екені. Жақындары мен достары қолдап, үнемі жанынан табылған.

Ең үлкен ішкі күресі — өзін суретші ретінде қабылдау. Ұзақ уақыт «самозванец синдромымен» арпалысқан. Қазір өзін суретші деп атауға асықпайды, бірақ бір анықтамасы бар:

— Мен әлемде кішкене болса да жақсы дүниелер көп болсын деп жүрген энтузиаст-авантюристпін.

Kulimde Hub — Дарина үшін де, келушілер үшін де қауіпсіз кеңістік. Мұнда кірген сәтте сыртқы әлемдегі мәселелер ұмытылып, уақыт тоқтап қалғандай әсер береді.

Алдағы жоспарлар да шабытқа толы: жеке кітап клубы, сурет пен киноны біріктіретін кештер, тоқыма клубы, поэзиялық және сөйлеу кештері, кино көрсетілімдер. Сонымен қатар, балалар үйіне тұрақты түрде бару — оның жүрегіндегі ерекше бастама.

Сөз соңында Дарина өзін қанаттандырған екі оймен бөлісті:

«Армандар сен ұйықтап жатқанда жұмыс істемейді» және

«Сен өзіңді жеткіліксізбін деп ойлап жүргенде, талантыңның жартысы ғана бар адамдар алға жылжып, биікке жетіп жатады».

Kulimde Hub — бұл бастаманың басы ғана. Ал «Күлімде» — жаныңды жылытып, өзіңді табуға шақыратын мекен.

Автор: Жанерке Бейсетай

Басқа жаңалықтар

Back to top button