Астанада мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік стипендиялар табысталды
Астанада мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияларды табыстау рәсімі өтті. Мемлекеттік наградаларды Мемлекет басшысының атынан Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды. Президенттік стипендия әдебиет пен өнер саласында ел мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Биыл мемлекеттік қолдауға 75 адам ие болды. Стипендиаттар қатарында танымал өнер шеберлері мен болашағынан зор үміт күттіретін жас таланттар бар. Бұл бастама мемлекет тарапынан шығармашылық қауымдастыққа көрсетіліп отырған тұрақты қолдаудың және олардың ұлттық мәдениетті дамыту мен халықаралық деңгейде танытуға қосқан үлесінің айқын көрінісі болып саналады.
Марапатталғандар арасында Жандарбек Мәлібеков, Меруерт Өтекешова, Роза Мұқанова, Самал Еслямова, Ермек Асылханов, Қайрат Байбосынов сынды белгілі мәдениет қайраткерлері бар. Сонымен қатар опера әншісі Мария Мудряк, театр актрисасы Алтынай Нұрбек, театр және кино актері Базыл Сұлтанғазы, актриса Екатерина Максим сияқты жас дарындар да ерекше аталды. Олар бүгінде өз саласында айтарлықтай жетістікке жетіп, қазақстандық мәдениеттің халықаралық беделін нығайтуға үлес қосып жүр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінде бұл қолдау кәсіби шеберлікті арттыруға, ұлттық мәдени мұраны сақтауға және жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Соңғы бес жылда елімізде 150-ден астам жаңа мәдениет нысаны ашылған. Олардың қатарында 9 театр, 18 музей, 50-ден астам кітапхана бар. Сондай-ақ 200 мың сақтау бірлігіне арналған 4 аудандық мемлекеттік архив ғимараты салынды. Бұдан бөлек, 11 мәдени ұйымға «Ұлттық», 9 ұйымға «Академиялық» мәртебе берілді.
Әдебиетті дамыту да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. 2023 жылы жас жазушылар мен ақындарды қолдау мақсатында Президенттік әдеби сыйлық тағайындалды, ал 2022 жылдан бері Ұлттық әдеби сыйлық «Айбоз» заманауи авторларды танытуға жол ашып келеді. Бүгінге дейін бұл әдеби марапаттардың иегері атанғандар саны 40 адамға жеткен.
Сонымен қатар 2025 жылы 119 атаудағы кітап 240 500 дана таралыммен жарық көріп, ел кітапханаларына таратылды. Ал «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының маңызын көркем шығарма арқылы көрсетуге бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» республикалық байқауы ұйымдастырылды.



