Ербол Хамитов пара биатлоннан әлем кубогы кезеңінде қола жүлде жеңіп алды

Германияда өтіп жатқан пара биатлоннан әлем кубогы кезеңінде қазақстандық спортшы Ербол Хамитов қола жүлдеге ие болды. Ол LW12 класында 7,5 шақырымдық спринт жарысын 22:09.1 уақыт нәтижесімен аяқтап, үздік үштікке енді.
Аталған жарыста Қытай құрамасының өкілі Лиу Менгтао 21:09.6 нәтижемен алтын медаль иеленсе, оның командаласы Мао Джангву 21:22.9 уақыт көрсеткішімен күміс жүлдені алды. Қазақстан атынан осы қашықтықта сынға түскен Сергей Усольцев 11-орынға, ал Юрий Березин 13-орынға тұрақтады. Ал LW6 класында өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық спортшы Александр Герлиц жарысты төртінші болып аяқтады.
Қазақстан ұлттық құрамасының пара шаңғы жарысы және пара биатлон бойынша бас жаттықтырушысы Василий Коломиецтің айтуынша, бұл жарыс Милан – Кортина 2026 қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңі саналады. Алда ұлттық құраманы бірнеше маңызды рейтингтік жарыс күтіп тұр.
Атап айтқанда, пара шаңғы жарысынан әлем кубогы кезеңі 14–18 қаңтар аралығында Германияның Финстерау қаласында өтеді. Сонымен қатар 22 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Польшадағы Якушыце қаласында пара биатлон және пара шаңғы жарыстарынан әлем кубогы кезеңі ұйымдастырылады. Бұл жарыстарда қазақстандық спортшылардың басты мақсаты — жоғары нәтиже көрсетіп, қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін рейтингтік көрсеткіштерін жақсарту.
Айта кетейік, пара биатлоннан әлем кубогы 8–11 қаңтар аралығында Германияның Нотшрай қысқы спорт орталығында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 17 елден 70-ке жуық спортшы қатысуда.


