Астаналық оқушы әлемнің он үздік университетінен шақырту алды
- Астана қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Аяла Маханбетәлі әлемнің жетекші он жоғары оқу орнынан бірден ресми шақырту алды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Айрықша жетістіктің басты ерекшелігі – шақыртулар талапкердің жеке өтінішінсіз, университеттердің өз бастамасымен жолданған. Жоғары оқу орындары оқушының академиялық және зерттеушілік әлеуетін алдын ала жан-жақты талдап, соның нәтижесінде оқуға шақыру туралы шешім қабылдаған.
Шақырту жіберген университеттер қатарында Ivy League құрамындағы Harvard University мен Brown University, сондай-ақ University of Cambridge, Stanford University, Massachusetts Institute of Technology (MIT) және әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарда тұрған өзге де беделді оқу орындары бар.
Аялаға ұсынылған қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражат оқу шығындарын толық немесе ішінара өтеуге мүмкіндік береді.
Оқушының академиялық жолы 8-сыныптан басталған. Осы уақыт ішінде ол халықаралық білім беру бағдарламаларына, ғылыми-зерттеу және академиялық жобаларға белсенді қатысып келеді. Университеттерден ресми шақырту алғанға дейін Аяла түрлі елдердің қатысушыларымен бірлесіп халықаралық жобаны іске асырып, оны практикалық деңгейде жүзеге асырған. Жоба инвестиция тартып, нақты нәтижелерге қол жеткізген.
Қазіргі таңда Аяла Канададағы компанияда осы жоба аясында жұмыс істеп, мектептегі оқуын кәсіби қызметпен қатар алып жүр. Сонымен қатар, ол 11-сыныпта оқи отырып, университеттік курстардан өтіп, болашақта есептелетін академиялық кредиттерді алдын ала меңгеруде.
Бұл жетістік әлемнің жетекші университеттерінің қазіргі білім беру ұстанымын көрсетеді. Бүгінде олар тек үздік талапкерлерді таңдаумен шектелмей, академиялық әлеуеті жоғары мектептермен тікелей серіктестік орнатуға ерекше назар аударып отыр.



