Технология

Астанада мектептерде оқушылардың агрессивті мінез-құлқын анықтайтын ИИ-камералар енгізілді

Астанада оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект технологиялары қолданыла бастады. Соның бір мысалы – Есіл ауданындағы №107 мектеп, мұнда бейнебақылау камераларына ИИ жүйесі енгізілген.

Мектеп директоры Айгүл Бейсенбинаның айтуынша, жоба 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде іске асырылып жатыр.
«Біз жасанды интеллектке негізделген мектеп моделін енгізе бастадық. Жоба аясында бейнебақылау камераларына ИИ мүмкіндіктері біріктірілді. Бұл – әзірге эксперименттік жоба. Осы мақсатта Protector AI компаниясымен келісімшарт жасалып, жаңа жабдық орнатылды», – деді ол.

ИИ жүйесі мектеп аумағындағы кез келген оқыс жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Камералар оқушылар арасындағы агрессивті мінез-құлықты, мектеп ережелерін бұзу деректерін және зорлық-зомбылық белгілерін тіркейді. Мұндай жағдайлар анықталған сәтте бейнежазба автоматты түрде мектеп басшылығына жіберіледі.

«Егер қақтығыс туындаса немесе бала агрессияға ұшыраса, жүйе оны бірден анықтайды. Одан кейін ата-аналар шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деп түсіндірді мектеп директоры.

Сонымен қатар ИИ-камералар оқушылардың эмоциялық күйін де талдайды. Егер жүйе бір оқушының агрессивті әрекетін бірнеше рет қатарынан тіркесе, онымен қосымша түрде педагогтер мен психологтер жұмыс істей бастайды. Олар әңгімелер өткізіп, арнайы тренингтер ұйымдастырады.

Мектеп басшылығының айтуынша, технологияның басты мақсаты – болған жағдайға кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Бұл әсіресе оқушылар санының артуы жағдайында өзекті. Мектеп ашылған кезде мұнда 242 оқушы білім алса, қазір олардың саны 847-ге жеткен. Алдағы уақытта контингентті 1 200 оқушыға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Қауіпсіздікпен қатар, жасанды интеллект білім беру үдерісінде де белсенді қолданылуда. Мектеп педагогтері ИИ-мен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өткен және оны сабақтарға, тапсырмалар мен тесттер дайындауда пайдаланады. Мұғалімдер авторлық цифрлық материалдар әзірлеп, виртуалды зертханалар мен онлайн-тестілеу жүйелерін қолданады. ИИ жазба жұмыстарын тексеруге кететін уақытты үнемдеп, әр оқушыға қай тақырыпта қосымша көмек қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Директордың сөзінше, мұндай тәсіл оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, білімді меңгеру сапасын жақсартады. Сонымен қатар мектептің холлында жасанды интеллект көмегімен келушілерге білім беру ұйымы мен оның мүмкіндіктері таныстырылатын үлкен LED-экран орнатылған.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда түркі тілдерін тануға арналған ең ірі жасанды интеллект моделі әзірленген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button