Астана оқушылары мен студенттері отандық иіссу жасап жатыр

Астанадағы №91 мектеп-гимназиясы мен Сервис және туризм колледжі өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Бұл келісім білім алушылардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа жобаның бастамасы болды.
Жоба аясында №91 мектеп-гимназиясы бұған дейін АҚШ-тағы Вашингтон университетімен келісім жасап, иіссу өндірісінде қолданылатын эфир майларын алған. Осы халықаралық тәжірибені жалғастыру мақсатында мектеп-гимназия директоры Алмагүл Тілектесқызының бастамасымен Сервис және туризм колледжінің директоры Салтанат Қайратқызымен меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастық нәтижесінде колледж студенттері мен мектеп оқушылары Вашингтоннан алынған эфир майларын пайдалана отырып, гүлдер мен жемістер негізінде жаңа отандық парфюмериялық өнімдер әзірлеуге кірісті. Жоба химия, технология және шығармашылық бағыттағы білімді тәжірибе жүзінде ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Бастамаға Қазақстанға танымал Romantik гүл желісі де қолдау көрсетіп, жобаның практикалық және шығармашылық дамуына өз үлесін қосуда.
Бүгін екі білім беру мекемесінің оқушылары мен студенттері бас қосып, тәжірибе алмасты. Кездесу барысында жасалған иіссулар таныстырылып, алдағы жоспарлар талқыланды. Ал дайын өнімнің ресми таныстырылымы мамыр айына жоспарланған.
Сонымен қатар, болашақта флористика және ландшафттық дизайн мамандықтарында оқитын колледж студенттері мектеп ауласын абаттандыру жұмыстарына қатысып, «Таза Қазақстан» республикалық акциясына өз үлестерін қоспақ.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың бір оқушысы әлемнің 10 жетекші университетінен шақырту алғаныхабарланған еді.



