«Сезім сыбыры» — музыканы жүрекпен сезінетін кеш
Зейлана Амангелді — бірнеше жылдан бері ән мәтінін жазып, жеке шығармашылығын дамытып келе жатқан жас автор. Алғашқы шумақтарын 3-сыныпта жаза бастаған. Бүгінде қоржынында 7–8 авторлық әні бар.
2022 жылдан бері Зейлана Астанада шығармашылық кештер ұйымдастырып келеді. Оның мақсаты — өнерге жақын жастарды бір ортаға жинау, өз ойын еркін жеткізе алатын, қолдау бар мәдени кеңістік қалыптастыру. Бұл алаңда жас орындаушылар өз туындыларын ұсынып, ашық микрофон арқылы алғашқы қадамдарын жасайды. Көпшілік алдында сөйлеуге именетіндер үшін бұл — өзін танытудың қауіпсіз әрі шабыт беретін мүмкіндігі.
Осы бастаманың жалғасы ретінде 29 қаңтар күні сағат 20:00-де «Сезім сыбыры» атты музыкалық кеш өтеді. Кештің форматы ерекше: қатысушылардың көзі лентамен байланып, музыка тек есту мен ішкі сезім арқылы қабылданады. Бұл тыңдарманды әдеттегі қабылдаудан шығарып, дыбысты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.



