Астанадағы бұқаралық шаңғы жарысында I орын иеленген жас спортшы Мэнс Тайна

Бүгін Астана төрінде өткен бұқаралық шаңғы жарысы ерекше әсерге, қуаныш пен мақтанышқа толы болды. Көрермендер мінберінде толқу, старт алдында тыныштық, ал мәреде – шаттық пен шынайы эмоциялар. Осындай әсерлі сәттерге толы жарыста жас спортшы Мэнс Тайна өз дарынын тағы бір мәрте дәлелдеп, өз жас категориясында бірінші орынды жеңіп алды.
«Ski Club Astana» клубының атынан сынға түскен Тайна бүгінгі жарысқа ерекше дайындықпен келгені бірден байқалды. Оның әрбір қимылы, сенімді қозғалысы мен жинақылығы жасына қарамастан үлкен спортқа тән мінезді көрсетті. Стартқа шыққан сәттен-ақ Тайна өзіне сенімді екенін байқатып, қарсыластарына мүмкіндік бермеді.
Қазіргі таңда Тайна 11 жаста. Ол бұл спорт жолына небәрі 7 жасынан қадам басқан. Сол уақыттан бері спорт оның өмір салтына айналды. Жарыстар, жаттығулар, жаңа мақсаттар мен үздіксіз даму – оның күнделікті тіршілігінің бір бөлігі. Тайна өзі қатысқан жарыстардың нақты санын есептеп көрмеген, алайда әр старт оның тәжірибесін арттырып, жігерін шыңдап келеді.
Жас спортшының жетістігінің артында кәсіби қолдау бар. Оның жаттықтырушысы – Девяткин Никита Сергеевич. Тәжірибелі бапкердің жүйелі дайындығы, сенімі мен талапшылдығы Тайнаға өз мүмкіндігін толық ашуға жол ашып отыр. Бұл жұптың үйлесімді жұмысы бүгінгі нәтиженің айқын көрінісіне айналды.
«Жарыс бойы маған ең үлкен қолдауды ата-анам көрсетті. Мәреге жеткен сәтте олардың жүзіндегі қуаныш пен көздеріндегі мақтаныш сезімі маған көпке дейін ұмытылмас әсер қалдырды. Бұл – тек жеңіс қана емес, отбасымның бірлескен еңбегінің, сенім мен қолдауыдың жемісі»-дейді жас спортшы.
Бүгінгі бірінші орын – Мэнс Тайна үшін кезекті жеңіс қана емес, алға қарай жасалған маңызды қадам. Ол әр жарысты жаңа белес, жаңа мүмкіндік деп қабылдайды. Ал оның бұл жеңісі жас спортшыларға үлгі болып, үлкен армандарға жол ашатыны сөзсіз.
Алда Тайна жаңа старттар, биік мақсаттар мен жарқын жеңістер күтіп тұр. Ал бүгінгі күн оның спорттық жолындағы есте қаларлық, шабыт сыйлаған ерекше сәт ретінде тарихта қалды деп үміттенеміз.



