Медальсыз чемпион: Бұқаралық шаңғы сайысында шаңғысыз жүгірген Елеусіз Пердебай

Бүгін Астанада өткен Бұқаралық шаңғы сайысы көпшілік үшін спорттық жарыс қана емес, ал кейбір жандар үшін нағыз өмір мерекесіне айналды. Солардың бірі – 64 жастағы Елеусіз Пердебай. Ол бұл сайысқа шаңғы теуіп қатысу үшін емес, денсаулығы үшін, рухы үшін, өмірге деген сүйіспеншілігі үшін келді.
Елеусіз Пердебай – кәсіби марафоншы. Ол 45 жылдан бері жүгірумен айналысып келеді. Жас емес, тәжірибе мен төзімнің адамы. Оның айтуынша, шаңғы сайысына келудің өзі – ерекше қуаныш.
«Шаңғы сайысына жүгіріп жеткен кезім – мен үшін бір мереке сияқты. Көңіл күй көтеріліп кетеді. Жастармен бірге жүгіресің, шаршамайсың, керісінше, күш аласың», – дейді спорт сүйер қатысушы.
Бүгінгі жарыста Елеусіз аға шаңғы теуіп шықпады. Бірақ ол шаңғышылардың артынан жүгіріп өтті. Бұл – оның қыстағы әдеті. Қар, аяз, ауа райы оған кедергі емес. Ең бастысы – тоқтамау.
Оның сөзінше, спорт – тек дене қозғалысы емес, өмірді өзгерту тәсілі. Елеусіз Пердебай аға қыста жүгіргенді ерекше жақсы көреді. Себебі қысқы ауа – таза, сергек, тірі. Жүгіріс – өзіңмен күрес. Бұл жалқаулықты жеңу, өзіңді тексеру, өзіңді бағындыру.
«Күнде бір өмірді қайталай бермеу керек. Әртүрлі қозғалыс жасау керек. Қыста да жүгіремін. Ал қыста шаңғышылардың артынан жүгіресің. Аязға қарамаймын, ауа райына қарамаймын. Міндет – тоқтамау. «Қыста жүгірген жақсы. Ауа таза. Адам жүгірген кезде беті суықты сезінуі керек. Маңдайың, бетің жаурауы керек. Маған сол ұнайды. Ол адамның күштілігін көрсетеді. Сен өзіңді жеңесің. Жалқаулықты жеңген кезде – нағыз жеңіс сол», – дейді марафоншы.
Бүгінгі бұқаралық шаңғы сайысы Елеусіз аға үшін тек спорт емес, адамдармен кездесетін, таныстарын көретін, рухани демалатын орта.
«Бұл жерде таныстарым көп. Достарым бар спорт саласында. Кездесіп, сөйлесеміз. Уақытың қызық өтеді. Өмірің бір сәтке өзгереді. Мен үлгі көрсетемін деп ойлаймын. Тек бала-шағаға емес, бүкіл Қазақстандағы жастарға, барлық адамдарға», – дейді ол.
Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі Бұқаралық шаңғы сайысы – дәл осындай жандар үшін үлкен мереке. Бұл – жасқа қарамай, ауа райына қарамай, тоқтамауды таңдаған адамдардың мерекесі. Шаңғысыз келіп, шаңғышылардың артынан жүгіріп өткен Елеусіз Пердебай секілді азаматтар Астананың спортсүйер рухын, өмірге деген құштарлығын айқын көрсетіп тұр.
Олар үшін жеңіс – медаль емес. Жеңіс – таңертең тұрып, тағы да жүгіріп шығу.



