Ербол Хамитов Әлем кубогында тағы да тұғырға көтерілді

Польшаның Якушице қаласында өтіп жатқан пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының кезеңінде қазақстандық спортшы Ербол Хамитов ел қоржынына кезекті медаль салды. Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында (LW12 санаты) сынға түскен ол 6 шақырым қашықтықты 18 минут 24 секундта жүріп өтіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жарыста алтын медальді Италия өкілі Джузеппе Ромель (18:02) жеңіп алса, қола жүлде украиналық Павел Бальге (18:27) бұйырды. Осылайша, Ербол Хамитов Әлем кубогы кезеңіндегі тұрақты жоғары нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бұл — Ербол Хамитовтың пара шаңғы жарысынан Әлем кубогындағы екінші күміс медалі. Бұған дейін ол 1 км спринттік жарыста да мәреге екінші болып жеткен еді. Қос бірдей жүлде спортшының биылғы маусымдағы тамаша бабын аңғартады.
Жалпы, пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының бұл кезеңі 28 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 25 елінен 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Нурлан Алимов, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Роман Курбанов, Анна Грачова және Денис Зинов ел намысын қорғауда.
Алдағы күндері спортшылар 10 км классикалық және 10 км жаппай старт жарыстарында сынға түседі. Аталған бәсеке Милан–Кортин–2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама беретін маңызды рейтингтік жарыстардың бірі саналады. Ербол Хамитов пен ұлттық құраманың алдағы сайыстарда да жоғары нәтиже көрсетуінен үміт зор.



