«ADAL URPAQ: Заң. Тәртіп. Сенім» қалалық форумы өтті
Бүгін №111 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда қалыптастыру мақсатында «ADAL URPAQ: Заң. Тәртіп. Сенім» атты қалалық форум өтті. Іс-шара өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Форумға Полиция департаменті, прокуратура өкілдері, Әкелер одағының мүшелері, мектеп, балабақша, колледж басшылары мен мектеп парламенттерінің жетекшілері қатысты. Айлық аясында 200 мыңнан астам оқушы мен 50 мыңнан аса ата-ана қамтылды, жалпы 80-ге жуық іс-шара өткізілді. Оларға құқық қорғау органдарының түсіндіру жұмыстары, семинарлар, «Заң 20 секундта» челленджі, «Қаржы сақшысы» ойыны, эссе байқаулары сияқты шаралар кірді.
Астана қаласы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау саласында мемлекет тарапынан көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Баланың бақытты әрі қауіпсіз өмірі тек ата-анаға ғана емес, балабақшаға, мектепке және қоғамға байланысты. Біз бірігіп балаларымызды бақытты ете аламыз», – деді ол.
Форум аясында «Заң балалар көзімен» сурет байқауы мен «Менің әкем – полицей» балабақшааралық байқауының қорытынды көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жасөспірімдерге арналған құқықтық чат-бот таныстырылды, ол Telegram арқылы заңбұзушылықтар мен олардың салдарын түсіндіреді.
Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Әйгерім Өмірзақова «Сарайшық» ауданының 17 мектебінде «Болашақ прокурорлар клубтары» ашылғанын, оның мақсаты – әділетті, саналы және заңға құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеу екенін айтты.
Форум «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында өткізіліп, заңға құрмет пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға арналған жүйелі жұмысқа жаңа серпін берді.



