Ана тілге адалдық: Елорда мұғалімінің ерікті бастамасы
Астаналық ұстаз Еуропа елдерінде тұратын қазақ балаларына ана тілін тегін үйретіп жүр. Оқушыларының жасы әртүрлі болса да, педагог әр сабағын жан-жақты түсіндіріп, балалардың қызығушылығын оятуда.

Гүлжазира Бекболатқызы – Астана қаласындағы №104 «Келешек мектебі» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Германияға біліктілігін арттыру мақсатында барған кезде шетелдегі қандастарымен танысып, олардың балалары ана тілін үйренуге ынталы екенін байқайды. Осы сәттен бастап ол өз білімін еріктілік негізде, ақысыз түрде үйретуді қолға алады.
«2023 жылы Еуропаға барған сапарымнан кейін шетелдегі қазақ балаларына онлайн сабақ өткізсем деген ой келді. 2024 жылдың 1 маусымынан бастап осы бастаманы негізгі жұмысыммен қатар алып келемін. Әр жексенбі сайын Нидерланд пен Германияда тұратын қазақ балаларына қашықтан ана тілі сабағын өткіземін. Күнделікті өмірде олар өздері өмір сүріп жатқан елдің тілінде сөйлейтіндіктен, қазақша акцент байқалады. Соған қарамастан, тіл үйренуге деген талпыныстары өте жоғары. Мен мұны ұстаздық парызым деп есептеймін», – дейді ұстаз.
Сабақ барысында балалар тек тілдік білім алып қана қоймай, қазақ халқының ұлттық мәдениетімен де тереңірек танысады. Олар салт-дәстүр, әдет-ғұрып, шежіре, ауыз әдебиеті үлгілері туралы оқып, тарихи Отаны жайлы түсініктерін кеңейтеді. Оқушылардың ынтасын арттыру мақсатында мұғалім арнайы сертификаттар да табыстайды.
Педагог әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жобаның өзі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өткен. Оның айтуынша, онлайн форматта өтсе де, әрбір сабақ балалармен рухани байланысты нығайтып, олардың қазақ тілінде еркін ойлауына ықпал етеді. Сабақтарда өлең жаттау, мақал-мәтел үйрену, жаңылтпаш айту, рөлдік ойындар ұйымдастыру, комикс салу, отбасылық сұхбат жүргізу секілді түрлі шығармашылық тапсырмалар орындалады. Мұның барлығы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған.
Оқушылар да сабақтардың тартымды өтетінін айтады. Германияда тұратын Сафия Серік қазақ тілінде көптеген өлең, жұмбақ және мақал-мәтел үйренгенін жеткізсе, Аида Әбжекенова тыйым сөздерді сурет арқылы бейнелеп, ұлттық ойындар ойнағандарын қуанышпен еске алады. Балалар үшін бұл сабақтар жай ғана тіл үйрену емес, ұлттық болмыспен байланысын сақтаудың маңызды жолына айналған.
Шетелде өсіп жатқан қазақ балаларына ана тілін үйрету – ұлт болашағы үшін аса маңызды іс. Осы бастама арқылы Гүлжазира Бекболатқызы әріптестеріне үлгі көрсетіп, ұстаздықтың басты миссиясы – білімді бөлісу екенін дәлелдеп келеді.



