Астаналық спортшылар «Заң мен тәртіп» жобасы аясында деректі фильмнің тұсаукесеріне қатысты
11 ақпан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – нашақорлықтың алдын алуға арналған «Три дозы смерти» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара жастарды синтетикалық есірткінің зияны туралы хабардар етуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Тұсаукесерге ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген астаналық спортшылар арнайы қонақ ретінде қатысты. Олардың қатарында шорт-тректен IX Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Малика Ермек, конькимен жүгіруші Алтай Жәрдембекұлы және шорт-трекші Санжар Жанисов бар. Спортшылар жастармен кездесіп, табандылық пен тәртіптің, дұрыс таңдау мен мықты ерік-жігердің адам өміріндегі маңызы туралы ой бөлісті. Олар спорт – тек жеңіс жолы емес, сонымен қатар зиянды әдеттерден алшақ болудың сенімді кепілі екенін атап өтті.
Есірткі мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. Президент өз Жолдауында бұл дертпен күресті күшейту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы елімізде 1,5 тонна синтетикалық есірткі, яғни шамамен 4,5 миллион доза тәркіленген. Нарықтағы бағасының 25–35 мың теңгеге дейін өсуі де бұл мәселенің ауқымын айқындай түседі. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесін көрсеткенімен, қоғам болып жұмыла әрекет етудің маңызын аңғартады.
Фильм авторы Саби Байбосынов – қоғамдағы күрделі әлеуметтік тақырыптарды батыл көтеріп жүрген режиссер. Бұған дейін ол депрессия мен лудомания мәселелеріне арналған деректі туындылар түсірген. Бұл жолы автор есірткіге тәуелділік тақырыбын таңдаған.
«Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 18 мың азамат ресми тіркеуде тұр. Бұл – тек ресми көрсеткіш. Ал тіркелмегендердің саны одан да көп болуы мүмкін. Бұрын шетелдік фильмдерден көріп таңғалатын жағдайлар бүгінде өз қоғамымызда да белең алып келеді. Әлеуметтік желілердің дамуы есірткінің таралуына жаңа жол ашты. Жыл сайын тәркіленетін есірткінің көлемі бұл проблеманың қаншалықты өзекті екенін дәлелдейді», – дейді автор.
«Три дозы смерти» атауының өзі көп ойға жетелейді. Автордың айтуынша, есірткіге тәуелді болу үшін кей жағдайда үш доза да жеткілікті. Фильмде Павлодар қаласындағы АСАР әлеуметтік бейімдеу орталығына түскен азаматтардың тағдыры көрсетіледі. Олардың шынайы өмірі мен өкінішке толы тәжірибесі арқылы жастарға ой салу, есірткіге қарсы ішкі иммунитет қалыптастыру – туындының басты мақсаты.
Тұсаукесер барысында көрермендер фильмнен үзінді тамашалап, мамандар мен спортшылардың пікірін тыңдады. Ашық форматтағы диалог жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, «Три дозы смерти» деректі фильмі 15 ақпан күні сағат 21:15-те «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Қоғамдық маңызы зор туынды бейжай қалдырмай, әр көрерменді терең ойға жетелері сөзсіз.



