Қоғам

Тікұшақтың тізгінін нық ұстаған ару: «Аспан қандай шексіз болса, мүмкіндіктер де сондай»

Елімізде  авиация саласында әйел ұшқыштардың саны аз, бірақ жылдан жылға артып келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша елімізде тікұшақ және ұшақ басқаратын әйел ұшқыштардың жалпы саны шамамен 34‑ке жуық. Олар тек коммерциялық рейстерде емес, сондай-ақ ұшқыш‑құтқарушылар санатында да қызмет атқарады. Бүгінгі кейіпкеріміз Турусбекова Бибихан. Ол ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 және Ка-32 тікұшақтарының екінші пилоты. Бибихан тек тікұшақты басқарып қана қоймай  адам өмірін сақтау,  өрт сөндіру мен іздестіру-құтқару операцияларында батылдық танытып жүрген ару. Батылдық пен тәртіпті серік еткен Бибихан Давлетбайқызы көкті бағындыру жолындағы таңдауы, жауапкершілік пен арман туралы ой бөлісті.

Батылдық пен тәртіпті серік еткен ол көкті бағындыру жолындағы таңдауы, жауапкершілік пен арман туралы ой бөлісті.

– Ұшқыш болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

Иә, мені ұшқыш болу 7-сыныптан бастап қызықтырды. Мектеп бітірген сәтте еш ойланбастан авиация саласын таңдадым. Әлемді шарлап көргім келді, таным көкжиегімді шектегім келмеді. Ал мына кең дүниеге биіктен көз тастау – мүлде бөлек сезім. Аспаннан қарағанда өмірдің өзі де кеңейіп кеткендей болады.

– Алғаш рет тікұшақ тізгіндеген сәтіңіз есіңізде ме?

Алғашқы ұшу ешқашан ұмытылмайды. Ең қызығы – әр рейс әлі күнге дейін алғаш рет көкке көтерілгендей әсер сыйлайды. Адреналин, көктегі бұлттар, жердің кішірейіп көрінуі – бәрі таңғажайып. Әр ұшу маған ерекше эмоция сыйлайды.

– Бұл мамандықты таңдағанда айналаңыз қалай қабылдады?

Мен үшін ең маңыздысы – өз таңдауым. Айналадағы пікірлерден бұрын, ішкі дауысымды тыңдадым. Себебі адам өз жолын өзі таңдауы керек.

– Ұшқыш мамандығының ең қиын тұсы қандай?

Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Бірақ мен нақты бір қиындықты бөліп айта алмаймын. Себебі бұл саланы сүйемін. Ал сүйікті ісіңнің қиындығы – сені шыңдайтын, өсіретін сынақ.
Сонымен қатар, авиацияда «әйел» немесе «ер адам» деген бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде кәсібилік бірінші орында. Бізді жынысына қарап емес, ұшқыш ретінде бағалайды.

– Ұшу кезінде ең жауапты шешім қабылдаған кезіңіз болды ма?

Иә, әр ұшу – үлкен жауапкершілік. Сен тек өзің үшін емес, жолаушылар үшін де жауап бересің. Біз құтқару операцияларына қатысамыз. Осындай кезде ауа райының күрт өзгеруі немесе күтпеген жағдайларда жедел шешім қабылдау қажет болады. Мұндай сәтте эмоция емес, білім мен дайындық алға шығады.

– Жұмысыңызда тәртіп пен батылдықтың рөлі қандай?

Авиацияда тәртіп – басты қағида. Ереже – жай ғана қағаз емес, ол қауіпсіздік кепілі. Ал батылдық – қорықпау емес, жауапкершілікті сезіне отырып дұрыс шешім қабылдай білу. Екеуі бір-бірінен ажырамайды.

– Жас қыздарға авиация саласына келу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

Ең алдымен, армандарыңызға сеніңіздер. Егер шын қаласаңыздар, ешкімнің «сен қызсың» деген сөзі кедергі болмауы керек. Авиацияда жыныс емес, кәсібилік бағаланады.

– Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

Жұмыста – толықтай жұмысқа көңіл бөлемін. Ал отбасыммен бірге болғанда сол сәттің қадірін түсінуге тырысамын. Тепе-теңдік – саналы таңдаудан басталады.

– Қиын сәттерде сізге күш беретін не?

Маған күш беретін – мақсатым мен мамандығыма деген махаббатым. Сондай-ақ жақындарымның сенімі үлкен демеу.

– Ұшудан тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?

Өз-өзіме уақыт бөлгенді жақсы көремін. Табиғат аясында серуендеу жан дүниеме тыныштық сыйлайды. Бұл маған жаңа күш, жаңа шабыт береді.

– 8 наурыз мерекесіне аруларға қандай тілек жолдайсыз?

Көктеммен бірге келген бұл мереке әр жүрекке жылу сыйласын. Әр ару өз таңдаған жолыңыздан қорықпасын деймін,  биік мақсат қоя біліңіз. Аспан қандай шексіз болса,  мүмкіндіктер де сондай шексіз. Жүректегі сенім ешқашан сөнбесін, қадамдарыңыз батыл болсын!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button