Шығыстан басталған челлендж: желідегі жаңа үрдіс

Шығыс Қазақстандық белсенділер 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында ерекше бастама көтерді. Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнероликте парақша авторлары азаматтарды референдумға ұлттық киім киіп баруға шақырды.
Бастама жарияланғаннан кейін бейнеролик қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинап, желі қолданушылары арасында кеңінен тарала бастады. Ең бастысы, бұл идеяны еліміздің басқа өңірлеріндегі тұрғындар да қолдап, ұлттық киіммен референдумға бару туралы түрлі видеолар түсіріп, челленджге белсенді түрде қосылып жатыр. Осылайша, Шығыс Қазақстанда басталған бастама бүкіл елге тараған әлеуметтік желідегі жаңа трендке айналды.
Мұндай челлендждің негізгі мақсаты – қоғам назарын референдумға аударып, азаматтарды белсенді дауыс беруге шақыру. Референдум – халықтың маңызды мемлекеттік шешімдерге тікелей қатысуының бір жолы. Әрбір азаматтың дауысы ел болашағына қатысты қабылданатын шешімдерге әсер етеді.
Сонымен қатар ұлттық киіммен дауыс беруге бару идеясы халқымыздың мәдени мұрасын насихаттауға да мүмкіндік береді. Бұл – бір жағынан азаматтық белсенділікті арттырса, екінші жағынан ұлттық дәстүрге деген құрметті көрсететін символдық қадам.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы тараған осындай бастамалар қоғамның саяси белсенділігін арттырып, жастардың ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамайтынын көрсетеді.
15 наурыздағы референдум – ел үшін маңызды саяси оқиға. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын жасап, дауыс беру арқылы мемлекет дамуына үлес қоса алады.



