Қоғам

Nauryz Sale: Ірі сауда орталықтарында жеңілдіктер басталды

 Наурыз мерекесіне орай 13-20 наурыз аралығында  #NauryzSale атты мерекелік сауда акциясы өтуде. Акция аясында елорда тұрғындары мен қонақтары бірқатар сауда желілері мен сауда-ойын-сауық орталықтарында түрлі тауарларды жеңілдікпен сатып ала алады.

Мерекелік науқан барысында азық-түлік өнімдері, тұрмыстық заттар, киім-кешек және басқа да тауарларға арнайы бағалар ұсынылып отыр. Сауда және интеграция министірлігінің ұйымдастыруымен өткізілетін акцияның мақсаты – Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғындарға тиімді сауда жасауға мүмкіндік беріп, мерекелік көңіл-күй қалыптастыру.

Акцияға елордадағы бірқатар ірі сауда желілері қатысуда. Атап айтқанда, «Small», «Фермаг», «Анвар», «Galmart», «Magnum» (Тұран даңғылы, 55д), «Greenwich» және «Гастроном» сауда орталықтарында арнайы ұсыныстар бар.

Сонымен қатар, қаладағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтары да мерекелік жеңілдіктер ұйымдастырып отыр. Олардың қатарында MEGA Silk Way, Astana Mall, «Азия парк», «Хан Шатыр», «Аружан», «Сарыарқа» және «Koktal» сауда орталықтары бар.

Nauryz Sale мерекелік акциясы аясында тауарларға 10%-дан 70%-ға дейін жеңілдіктер ұсынылады. Сонымен қатар, сауда орындарында отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, қала тұрғындарына жергілікті тауарларды сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Мамандардың айтуынша, мерекелік кезеңде көптеген дүкендерде жеңілдікпен ұсынылған тауарлар арнайы белгілермен көрсетіледі. Бұл сатып алушыларға акцияға қатысатын өнімдерді оңай табуға мүмкіндік береді.

Nauryz Sale акциясы қала тұрғындары мен қонақтарына мереке қарсаңында қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алып, Наурыз мейрамын жақсы көңіл-күймен қарсы алуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button