Мәдениет

Мағжан әлемі сахнада: «Шолпанның күнәсі» қойылымы көрерменге жол тартты

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасы желісі бойынша қойылған спектакльдің премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева.

Жаңа спектакль адам жанының терең иірімдерін, ер мен әйел арасындағы күрделі қарым-қатынасты және адамдар арасындағы айтылмаған шындықтың салдарын сахна тілі арқылы жеткізеді. Қойылымда бар болғаны үш кейіпкер – Шолпан, Сәрсенбай және Әзімбай бейнелері арқылы үлкен драмалық тартыс ашылады.

Режиссер Гүлсина Миргалиева бұл шығарманың көп жағдайда Шолпанның ішкі толғанысы арқылы қабылданатынын, алайда қойылымда Сәрсенбайдың да жан дүниесін тереңірек көрсетуге назар аударылғанын айтады. Оның сөзінше, оқиғадағы жағдай тек әйел үшін ғана емес, ер адам үшін де ауыр сынақ.

«Бұл шығарма көбіне Шолпанның ішкі толғанысы арқылы қабылданады. Бірақ біз қойылымда Сәрсенбайдың да жан дүниесін ашуға тырыстық. Себебі бұл оқиғадағы жағдай ер адам үшін де өте ауыр. Жалпы спектакльдің өзегінде адамдар арасындағы айтылмаған сыр, жасырын шындық жатыр. Егер кейіпкерлер бір-біріне басынан бастап ашық әрі адал болғанда, бәлкім мұндай қайғылы жағдай орын алмас па еді», – дейді режиссер.

Қойылымда Шолпан рөлін екі құрамда актрисалар Арай Омарова мен Бегімнұр Қалила сомдайды. Сәрсенбай бейнесін «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов пен Қобыланды Болат, ал Әзімбай рөлін Ерғұлан Жанпейісов пен Қайыржан Садықов орындайды.

Шолпан рөлін сомдайтын актриса Арай Омарованың айтуынша, бұл кейіпкер – махаббат пен үміттің, жауапкершілік пен ішкі күйзелістің арасында қалған әйел бейнесі.

«Шолпан – күйеуіне деген махаббаты үшін, отбасының бақыты үшін бәріне дайын әйел. Бірақ оның батыл шешімі ақыры қайғылы жағдайға алып келеді. Рөлге дайындалу барысында бала сүйе алмай жүрген жұптардың тағдырына назар аударып, олардың ішкі күйзелісін түсінуге тырыстым. Кейде адамдар сыртқа білдірмесе де, іштей қатты қиналып жүреді», – дейді актриса.

Қойылым махаббат, тағдыр, жауапкершілік және адам жанының құпиясы туралы терең философиялық ойларға жетелейді. Әр көрермен спектакльден кейін өз түйінін жасап, кейіпкерлер тағдыры арқылы өмірдің күрделі сұрақтарына жауап іздей алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button