Мәдениет

Наурызнама аясында Астанада Ұлттық киім күні қандай шаралар өтеді

Астанада «Наурызнама» онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күні кең көлемде атап өтіледі. Бұл күні қала бойынша ұлттық киімді дәріптейтін түрлі мәдени және сәндік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сағат 14:00-де К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ерекше Nauryz Show Fashion сән көрсетілімі өтеді. Бұл шарада қазақтың дәстүрлі киімдері заманауи сән үрдістерімен үйлестіріліп, авторлық образдар арқылы көрерменге ұсынылады. Сонымен қатар университет фойесінде бір апта бойы «Наурыз портреті» атты алып панно қойылып, келушілер оның жасалуына қатыса алады.

Осы күні аталған оқу орнында «Ethno show KAZNUA» киім көрсетілімі де өтеді. Онда «Сценография – Киім дизайны» бағдарламасының студенттері этно-стильдегі заманауи туындыларын таныстырады.

Сағат 13:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Алтын әже – 2026» республикалық байқауы ұйымдастырылады. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген әжелер қатысып, ұлттық киімдер, отбасылық дәстүрлер мен шығармашылық өнерлерін паш етеді.

Сауда ойын-сауық орталықтарында да мерекелік бағдарламалар жалғасады. «Хан Шатырда» қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім топтамалары ұсынылса, «MEGA SilkWay» орталығында «Қазақ халқының ұлттық киімі – ұлттың бет-бейнесі» атты театрландырылған қойылым өтеді. Кешкі сағат 18:40-та басталатын ұлттық киімдер парадында түрлі сән үйлері мен этноұжымдар өнер көрсетеді.

Сондай-ақ «DamuMall» орталығында ұлттық киім көрмесі мен «Шабыт» домбырашылар ансамблінің концерті ұйымдастырылады.

Мереке аясында ерекше форматтағы шаралар да қарастырылған. Мәселен, «Тұрандот» мейрамханасында қонақтарға ұлттық киім киген роботтар қызмет көрсетеді. Бұл – дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін айқындайтын тың жоба.

Бұдан бөлек, Белсенді ұзақ өмір орталығында ұлттық киім тігу бойынша шеберлік сағаты өткізіліп, қатысушылар қазақы ою-өрнек пен киім дайындау ерекшеліктерімен танысады.

Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киіммен бір күн» челленджі де бастау алады. Бұл бастама тұрғындарды ұлттық нақыштағы киім киіп, мәдени мұраны дәріптеуге шақырады.

Жалпы, мерекелік іс-шаралар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып қана қоймай, оларды заманауи көзқараспен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button