Студенттерге орын көбейді: елордада жаңа жатақхана ашылды

«Наурызнама» онкүндігі аясындағы Шаңырақ күніне орай елордада колледж студенттеріне арналған 938 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді.
Бұған дейін қалада 16 колледж жанында 18 жатақхана жұмыс істеген (5-еуі мемлекеттік, 11-і жекеменшік). Онда барлығы 2301 студент тұрғанымен, шамамен 1300 орын жетіспеген еді.
938 орындық жаңа жатақханада студенттердің бастамалары мен стартап жобаларын дамытуға мүмкіндік беретін арнайы акселерациялық орталық бар.
Ашылу рәсімінде қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бұл жобаның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жатақхана – жастарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, сапалы білім алуға жағдай жасайтын маңызды нысан. Сондай-ақ ол бұл оқиғаның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты.
Жатақхана заманауи талаптарға сай жабдықталған: әр бөлмеде 5 орын және жеке санитарлық торап бар. Қабаттарда қыздар мен ұлдарға арналған бөлек асхана аймақтары қарастырылған.
Студенттердің бос уақытын тиімді өткізуі мен дамуы үшін ғимаратта спорт залы, хореография залы және кітапхана жұмыс істейді. Қауіпсіздік жүйесі де жоғары деңгейде ұйымдастырылған – Face ID жүйесі орнатылып, бейнебақылау орталықтандырылған түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар жатақхана мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделген. Кедергісіз орта мен арнайы жабдықталған бөлмелер қарастырылған.
Жатақханада тұру құны айына 22,5 мың теңге. Мамандардың пікірінше, бұл баға студенттер үшін қолжетімді.
Жаңа нысан студенттерге арналған орын тапшылығын айтарлықтай азайтып, олардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама оқу процесі мен студенттік өмірдің дамуына оң әсерін тигізбек.



