Айтыс аламаны: жаңа есімдер мен жаңа серпін
Астана қаласында Наурызнаманың онкүндігі аясында жастар арасында дәстүрлі өнерді дәріптеген ерекше мәдени шара өтті. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында ұйымдастырылған айтыс додасы жас ақындардың басын қосты.
Ұлттық өнердің мәйегі саналатын айтыс барысында қатысушылар өзара сөз қағыстырып, тапқырлық пен суырыпсалмалық қабілеттерін көрсетті. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Мұхтар Қонарбай жеңіп алды.
1-орынды Бейбіт Байжігіт иеленсе,
2-орынды Ринат Қожамұрат пен Нұртілеу Төленбек өзара бөлісті.
Ал 3-орын Ерасыл Сейітжанұлы, Айғаным Балғабаева және Рахат Тамаша сынды жас ақындарға бұйырды.
Бұл айтыс додасы – ұлттық құндылықтарды насихаттап, жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осындай рухани шаралар қазақтың төл өнері – айтыстың дамуына тың серпін берері сөзсіз.



