Billie Jean King Cup аясында Қазақстан мен Канада құрамалары Астанада кездеседі

2026 жылдың 10–11 сәуір күндері Астанадағы «Beeline Arena» кешенінің топырақ жабынды корттарында теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты — Billie Jean King Cup іріктеу кезеңі өтеді. Бұл додада Қазақстан құрамасы Канада командасымен финалдық кезеңге жолдама үшін бақ сынайды.
Қазақстан теннис федерациясы алдағы маңызды кездесуге арналған ұлттық құраманың ресми тізімін жариялады.
Қазақстан құрамасының құрамы
Жаңартылған құрамға команданың көшбасшылары мен болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар енді:
• Анна Данилина (жұптық разрядта WTA №4);
• Юлия Путинцева (WTA №75);
• Жибек Куламбаева (жұптық разрядта WTA №178);
• Аружан Сагандыкова (WTA №871);
• Соня Жиенбаева (WTA №1018).
Айта кетейік, ұлттық құраманың көшбасшысы, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина бұл кездесуге қатыспайды. Мұндай шешім спортшының өзі мен бапкерлер штабы және федерацияның келісімімен қабылданған. Биылғы маусымдағы басты мақсат — әлемнің бірінші ракеткасы атағы үшін күрес. Федерация бұл жетістік Қазақстан үшін тарихи нәтиже болатынына сенімді.
Канада құрамасының құрамы
Қарсылас команда да осал емес. Канада әйелдер теннис құрамасы 2023 жылғы турнир жеңімпаздары және қазіргі бәсекенің басты фавориттерінің бірі саналады.
Астанаға келетін құрам:
• Виктория Мбоко (WTA №10);
• Габриэла Дабровски (жұптық разрядта WTA №2);
• Марина Стакусич (WTA №130);
• Бьянка Андрееску (WTA №165);
• Кайла Кросс (WTA №194).
Маңызды кездесу
Екі күнге созылатын тартысты бәсекеде жеңіске жеткен команда командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.
Айта кетейік, бұл — Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды үйдегі матчтардың бірі. Ел намысын қорғайтын спортшыларға қолдау көрсету үшін жанкүйерлерді трибуналарға келуге шақырамыз.



