Басты жаңалық

Астанада 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады

Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында елордада қолдау тапқан инвестициялық жобалар туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, Астанада жеке инвестиция тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Қаражат тек әлеуметтік инфрақұрылымға ғана емес, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік және экономиканың басқа да негізгі салаларына бағытталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына шамамен 2,5 трлн теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21,3%-ға артқан. Бұл өсім жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті кеңейтуге және қалалық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік берді.

Инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар ірі жобалар қаралды. Олардың қатарында 3 мың оқушыға арналған халықаралық мектеп, серверлік жабдықтар шығаратын зауыт және футбол академиясы бар. Сонымен қатар, 960 орындық деректер өңдеу орталығы мен Tier IV деңгейіндегі заманауи дата-орталық жобасына ерекше назар аударылды.

Бұл орталық 100 МВт-қа дейінгі қуаттағы маңызды IT жүйелерін орналастыруға арналған. Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Мұндай бастамалар Астананың өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициясын күшейтпек.

Жалпы, инвестштабта ұсынылған жобалардың көлемі 380 млрд теңгеден асады. Оларды жүзеге асыру 2026–2031 жылдарға жоспарланған, нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, инвестициялық штаб отырыстары тұрақты түрде өткізіліп, инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button