ҚоғамМәдениет

Наурыз әуені: елорданың алты ауданында көктем мерекесін тойлады

Астана қаласында 21 наурыз күні Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен басталып, елорданың алты ауданындағы тұрғын алаптарды шаттық пен думанға бөледі. Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, бұл күні ересектер мен жасөспірімдерге арналған концерттік бағдарламалар мен интерактивті іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда.


Түс ауа сағат 12:00-де Сарайшық ауданы қарасты «Промышленный» тұрғын алабында мерекелік концерт басталып, эстрада жұлдыздары сахна төріне шықты. Тұрғындар ұлттық ойындарға қатысып, түрлі интерактивтер арқылы мерекелік көңіл күйді сезінді.

Сол уақытта Нұра ауданының Үркер тұрғын алабындағы Айғыржал саябағында да Наурыз думаны қыза түсті. Мұнда киіз үйлер тігіліп, кәсіпкерлер жәрмеңкелік сауда ұйымдастырды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, көпшілікке дәстүр мен берекенің көрінісі ұсынылды.


Сарыарқа ауданының Көктал-1 тұрғын алабында да мерекелік шаралар концерттік бағдарламамен және ұлттық спорт жарыстарымен жалғасты. Ән мен күй, ойын мен күлкі тоғысқан бұл алаңда әрбір тұрғын Наурыздың шынайы рухын сезінді.

Сонымен қатар, Байқоңыр ауданының Кірпішті тұрғын алабында да тұрғындарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекелік атмосфера қалыптасты.

Есіл ауданының Пригородный тұрғын алабында ұйымдастырылған шаралар да ерекше мазмұнымен көзге түсті. Мұнда ұлттық спорт жарыстары, интерактивті ойындар мен концерттік бағдарлама қатар өтіп, көрермендерге жан-жақты мәдени демалыс сыйлады.


Ал Алматы ауданының Теміржолшылар тұрғын алабында Наурыз мерекесі аясында ұлттық спорт жарыстары, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, концерттік бағдарламалар және мерекелік сауда ұйымдастырылды. Бұл алаңда дәстүр мен өнердің тұтас бір әлемі көрініс тапты.

Айта кетейік, мерекелік шаралар мұнымен шектелмейді. 22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап Наурыз думаны Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар, Отау, Бағыстан, Өндіріс тұрғын алаптарында және Көктал-2 (Қорғалжын сквері) аумағында өз жалғасын табады.


Осылайша, Наурыз мейрамы елорданың әр бұрышында жаңғырып, әр шаңыраққа шаттық, әр жүрекке жылулық сыйлауда. Бұл – көктемнің ғана емес, бірлік пен жаңарудың, ұлттық рухтың қайта түлеуінің мерекесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button