Театр апталығы: «Қаллеки тынысы» көрерменге не ұсынады?
Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Халықаралық театр күніне орай дәстүрлі «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруін бастады. Бір аптаға созылатын шарада соңғы бір жылдағы үздік премьералар көрермен назарына ұсынылады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай 21-27 наурыз аралығында дәстүрлі «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруін ұсынады.
Аталған шараның мақсаты – елорда көрермендерін театр өнерінің үздік туындыларымен таныстыру. Шеру аясында 2025 жылдың наурыз айы мен 2026 жылдың наурызы аралығында сахналанған премьералар көрермен мен театр сарапшылары назарына ұсынылады.
Бағдарламада Ж. Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен…» драмасы, Б. Брехттің «Шеңбері», Ә. Кекілбаевтың «Күйі», Л. Толстой шығармасының желісімен қойылған «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, У. Шекспирдің «Romeo & Juliet» спектаклі, Д. Исабековтың «Қазақи комедия немесе Бонапарттың үйленуі» және М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы бар.
Әр қойылымға театр сарапшылары кәсіби талдау жасап, үздіктерді анықтайды. Сонымен қатар, көрермендер де театр фойесінде ұйымдастырылатын арнайы сауалнама арқылы өз таңдауларын білдіре алады.
Шеру қорытындысы бойынша «Үздік актер», «Үздік актриса», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Театр тарланы», «Үміт» номинациялары және көрермен таңдауы бойынша «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік спектакль» марапаттары табысталады.
Спектакльдер шеруінің қорытындысы 27 наурыз күні өтетін мерекелік кеште жарияланады.



