Бас қалада кеміргіштерді улау жұмыстары басталды

Елордада қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тиімді пайдалану мақсатында дератизациялық жұмыстардың көктемгі кезеңі басталды.
Жоспарға сәйкес, өңдеу шаралары жеке тұрғын үйлерді ғана емес, сонымен қатар ашық аумақтарды — саябақтарды, өзен жағалауларын, су айдындарын, каналдар мен зираттарды қамтиды. Жабық нысандардағы жұмыстар 15 наурызда басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал ашық аумақтарды өңдеу 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында жүргізіледі.
Жеке сектор тұрғындарына арнайы уланған жем дәрі тегін таратылып, оларды дұрыс пайдалану бойынша қауіпсіздік нұсқаулықтары түсіндіріледі. Жалпы алғанда, дератизация үш кезеңмен жүзеге асырылады — мамандар әр тұрғын алапты үш реттен аралап шығады. Биыл 28 мыңнан астам үйді қамту жоспарланған.
Мамандар үй иелеріне қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, жем дәріні балалардың қолы жетпейтін жерлерге — жертөле немесе шатыр секілді орындарға орналастыру қажет.
Сонымен қатар, ашық аумақтарда да дератизация жүргізіліп, уланған жем дәрі саябақтарда, өзен бойында, каналдар мен су айдындарының маңында, сондай-ақ зираттарда себіледі. Өңдеу жұмыстары Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген арнайы дәнді жемдер арқылы жүзеге асырылады.
Аталған шаралардың басты мақсаты — кеміргіштер санын азайтып, қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу.



