Ербол Хамитовқа Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйға берілді

27 наурыз күні пара биатлоннан XIV қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ербол Хамитов Астана қаласындағы Zauzar тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Пәтерді «Grand Building Group» құрылыс компаниясы табыстады.
Салтанатты шарада компанияның басқарушы директоры Меруерт Адилбаева спортшыны жеңісімен құттықтап, бұл сыйлық пара спортшыларға деген құрметтің белгісі екенін айтты.
Айта кетейік, Ербол Хамитов Милан–Кортина–2026 қысқы Паралимпиада ойындары кезінде пара биатлоннан 4,5 км із қуу жарысында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, пара шаңғы жарысының 1500 метрлік спринтінде қола жүлдеге ие болды.
Бұдан бөлек, ол жуырда III дәрежелі «Барыс ордені» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан тарихында алғаш рет бірден екі спорт түрінен «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алған спортшы атанды.
Пәтерді табыстау рәсімінен кейін спортшы алғысын білдірді. Оның айтуынша, Паралимпиадада жеңіп, ел Әнұранын шырқату – басты арманы болған.



