Қоғам

«Таза Қазақстан»: жас футболшылар жанкүйерлерге үлгі көрсетті

Елордадағы Астана Арена стадионында өткен халықаралық матч тек спорттық бәсеке ғана емес, экологиялық мәдениетті насихаттаған маңызды алаңға айналды. FIFA Series турнирі аясында Қазақстан мен Комор аралдары құрамалары кездескен бұл ойында жанкүйерлер ерекше акцияның куәсі болды.

Кездесу барысында трибунада отырған №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері көпшіліктің назарын өздеріне аударды. Жас футболшылар ұлттық құраманы қызу қолдап қана қоймай, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын насихаттауға белсенді атсалысты. Олар акцияның туын жайып, жанкүйерлерді қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.

Алайда бұл бастама тек үндеумен шектелген жоқ. Ойын аяқталған соң жас спортшылар трибуналарда қалып, стадион аумағын тазалау жұмыстарына кірісті. Қысқа уақыт ішінде олар отырған секторларын толықтай ретке келтіріп, өзгелерге үлгі көрсетті. Бұл әрекет көрермендер арасында үлкен қолдау тауып, экологиялық жауапкершіліктің нақты көрінісіне айналды.

Мектеп басшысы Еркебұлан Алдабергенов мұндай шаралардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, оқу орнында 8 бен 18 жас аралығындағы мыңға жуық бала 32 жаттықтырушының жетекшілігімен жаттығады. Барлық жағдай — оқу процесі, спорттық киім және жарыстарға қатысу — тегін ұйымдастырылғанымен, іріктеу талаптары жоғары.

— Біз үшін спортшы тәрбиелеу жеткіліксіз. Ең бастысы — саналы, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары азамат қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бастамасына тұрақты түрде қатысу арқылы балалар тек алаңда ғана емес, өмірде де тәртіп пен тазалықтың маңызын түсінеді, — деді ол.

Бүгінде мұндай бастамалар қоғам үшін аса өзекті. Жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру — болашақтың кепілі. Ал стадиондағы қарапайым тазалық акциясы үлкен тәрбиелік мәнге ие символдық қадамға айналып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button