ДенсаулықҚоғам

Тәуелділікті спортқа айырбастағысы келгендер “көтеріліске шықты”

Елордада салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кезекті маңызды шара – «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында өтіп, қала тұрғындарына пайдалы дағдыларды таңдаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Акция Кенесары хан ескерткіші маңындағы Орталық жағалауда өтті. Ашық аспан астында өткен шараға жиналған көпшілікке зиянды әдеттерден, әсіресе темекіден бас тартып, оның орнына спортпен айналысуға мүмкіндік беретін түрлі құрал-жабдықтар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандырып, жастарды спортқа тарту.

Іс-шараның хедлайнері — дзюдодан Қазақстанның спорт шебері Сергей Пак. Ол 16 жылдан астам уақыт бойы спортпен айналысып, бүгінде жас буын спортшыларын тәрбиелеп келеді. Спортшы өз сөзінде мұндай акциялардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

— Бұл бастаманың негізгі мақсаты — адамдарды зиянды әдеттерден арылтып, спортқа бет бұрғызу. Осындай шаралар адамның өмір салтын өзгертуге нақты серпін береді, — деді ол.

Сондай-ақ Дамир Хисматуллин, Сарыарқа ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы, мұндай іс-шаралардың елордада жүйелі түрде өткізіліп келе жатқанын жеткізді.

— Денсаулық — әр адамның жеке таңдауы. Біз тұрғындарға зиянды әдеттерді пайдалы дағдылармен алмастыруды ұсынамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, соңғы жылдары елордада осындай 100-ден астам акция өткізілген. Бүгінде жоба тұрақты түрде жүзеге асырылып, қала тұрғындарының кең қолдауына ие болып отыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар қоғамда дені сау, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарды қалыптастыруға ықпал етеді. «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы – соның айқын дәлелі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button